11:36, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжілісте ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытуға арналған Үкімет сағаты өтті
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі жұмыс барысы» атты тақырыпта Үкімет сағаты болып өтті.
Жиында аталмыш мәселеге байланысты ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарға сәйкес, агенттік жұмысының бірқатар негізгі бағыттары айқындалған. Атап айтқанда, алдағы уақытта біріншіден, халыққа және ұйымдарға электрондық қызметтерді ұсыну, екіншіден байланыстың қолжетілімділігін және сапасын арттыру, үшіншіден күнделікті өмірде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалануды қоғам арасында кеңінен қамтамасыз ету шаралары іске асырылатын болады. Бұл бағыттарды іске асыру инфрақұрылымды дамытуға серпін жасайды, сондай-ақ байланыс қызметтері мен электрондық қызметтерді бәсеке рыногы үшін оңтайлы құрылымдауға мүмкіндік беретін болады», деді депутаттар алдында баяндама жасаған Агенттік төрағасы Қ. Есекеев. Оның айтуынша, қазіргі таңда агенттік «электрондық үкіметті» дамытудың интерактивті кезеңін іске асыруды жүргізіп келеді. Бұның шеңберінде мемлекеттік органдардың жұмыс істеуін қамтитын қызметтерді (сервистер) дамыту, болашақта транзакциялық қызметтерді көрсету үшін жағдайлар қалыптастыру шаралары жүзеге асуда. «2008 жылы «Электрондық үкімет» аясында тұрақты пайдалануға Ашық кілттер инфрақұрылымы, Ұлттық куәландыру орталығы және мемлекеттік органдардың Интернет-порталы сияқты жобалар енгізілген болатын. Сонымен бірге, «электрондық үкімет» шлюзі құрылып, сол арқылы «Жылжымайтын мүлік тіркелімі», «Жеке тұлғалар», Заңды тұлғалар», Мекен-жай тіркелімі» секілді мемлекеттік деректер базасы толығымен аяқталып отыр. Әрбір деректер базасында мемлекеттік органдар тарапынан берілетін ауқымды ақпараттар қамтылатын болады», Қ. Есекеев.
Агенттіктің ұсынған мәліметтері бойынша, бүгінгі күні «электрондық үкімет» порталын бірегей пайдаланушылардың саны 465 мың 242 адамды құрайды. Ал тіркелген пайдаланушылардың саны 4 мың 811 болып отыр.