Мәжілісте «Ата баба сөзі - даналық көзі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеше, мамырдың 13-інде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы «Ата баба сөзі - даналық көзі»,- деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаттары түгел қатысты,

Мәжілісте «Ата баба сөзі - даналық көзі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқосуды «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов ашып, аталған топ мүшесі Людмила Хочиева «Босағада дұрыс тәрбие алған бала Отан, Бақыт, Байлық, Береке»,- деген қасиеттерді жан дүниесімен сезінеді»,- деп алқалы жиынның беташарын жасады. Сонымен қатар, жиын барысында ҚР ҒА академигі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің профессоры Әсма Қалыбекова «Өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесінде қазақтардың халықтық педогогикасының идеяларын қолдану» деген тақырыпта кеңейтілген баяндама жасады. Одан кейін Еуразия ұлттық университетінің студенттері кезекпен сөз алып, талқылау сұхбатқа қатысты. Әлкей Әлжанов «Ата баба сөзі - даналық көзі», Динара Валеева «Шаңырақ шуағы - алтын мұра», Гүлмира Сманова «Адамзат мүсіншісі - ана», Асхат Атау «Ұлға отыз үйден, қызға қырық үйден тыйым» деген тақырыптарды талдады.

«Бүгінгі күн - кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы дейді дана халқымыз. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихи жолында мемлекеттік дамудың эволюциялық сатыларын басынан өткерді. Қазіргі кездегі ұлан ғайыр жеріміз бен еліміздің аман сақтап қалынғаны - ата-бабаларымыздың намысты рухтары мен болашаққа деген жігерлі үміттерінің айқын жемісі. ХХІ ғасырдағы ата бабалар сабақтастығы қандай деңгейде дамып келе жатыр деген сұрақ елінің болашағы үшін бей-жай қарамайтын әрбір азаматты толғандыратыны хақ»,- дейді жастар өз сөздерінде бабаларына тағзым етіп.

Осы басқосуда жастар «Отан от басынан басталады», «Ел болам десең - бесігіңді түзе», «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген секілді халық даналықтарының ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан себептерін ашуға тырысты.

Басқосу соңында дөңгелек үстел жұмысына байланысты ұсыныстар қабылданды. Онда Қазақ этнопедогогика -этнопсихология институтын құру, БАҚ арқылы жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне бағытталған саясатта халықтық педогогиканы көрсететін арнайы бағдарламалар құру, балабақша, орта мектеп, ЖОО «ұлттық сана-сезім» пәнін енгізу секілді бірқатар ұсыныстар айтылды.