Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауға бағытталған жобаның таныстырылымы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті,

Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауға бағытталған жобаның таныстырылымы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы жылғы Жолдауында жүктеген міндеттерін және Парламент палаталарының сессиясының ашылуында айтқан тапсырмаларын жүзеге асыруға байланысты әзірленген. Заң жобасы 2010 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларын қабылдауды көздейді. Атап айтқанда, бұл бағытта көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау шартын өзгерту, төртінші бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала бір жасқа толғанға дейін берілетін бала күтімі жөніндегі ай сайынғы жәрдемақылардың мөлшерін арттыру, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға, бала асырап алушыға, қамқоршыға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны енгізу шаралары қарастырылады. «Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін қолданыстағы «ҚР мемлекеттік наградалары туралы» заңына өзгерістер енгізілмекші. Мәселен, «Алтын алқа» алқасымен марапаттау үшін қазір талап етілетін көп балалы ананың балалар санын оннан жетіге дейін, ал «Күміс алқа» үшін балалар санын сегізден алтыға дейін төмендетіп есептеу қамтылатын болады. Осындай көп балалы аналарды наградтау шартын өзгерту аналарымыздың беделі мен мәртебесін, олардың бала тәрбиелеудегі, отбасын нығайтудағы және демографиялық ахуалды жақсартудағы рөлін арттыра түседі», - деді жоба бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова.