Мәжілісте азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелері талқыланды

Онда еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелері талқыланды.
Тоқтала кететін жайт, бұған дейін өңірлерді аралап, сайлаушылармен жүздесу барысында депутаттарға негізгі азық-түлік өнімдері бағасының үнемі өсетіні жайында жұртшылық тарапынан үлкен алаңдаушылық білдірілген болатын. Сондықтан да, халық қалаулылары азық-түлік қауіпсіздігі, өнімдердің сапасы мен қолжетімдігі ел тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатының жақсаруына тікелей әсер ететінін, қорытындысында осы мәселелер дер кезінде шешімін таппаса, қоғамда әлеуметтік шиеленіс туғызуы мүмкін екендігіне назар аударып, арнайы талдаулар жасаған.
Осыған орай, комитет отырысында депутат Уәлихан Бишімбаев азық-түлік тауарларының бағасына, оның ішінде нан-тоқаш өнімдері, ет және сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс саласындағы жағдайларға талдауды жария етті. «Қалыптасқан ереже бойынша мемлекеттің ішкі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі үшін тұтынылатын тауарлардың 80 пайызы сол елде шығарылуы шарт. Немесе мемлекет белгілі бір азық-түліктің түріне маманданып, оның экспорты сыртқы сауда балансында оң сальдоға жағдай туғызуы керек», - дейді У. Бишімбаев.
Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі негізі үш компоненттен тұрады. Бұлар - жеке қолжетімділік, экономикалық қолжетімділік және өнім сапасы.
Жиын барысында жауапты министрлік өкілдері азық-түлік бағасына қатысты баяндама жасап, алдағы жоспарларын ортаға салды. Сондай-ақ, мемлекеттік орган өкілдері депутаттардың көтерген сауалына жауап берді.