Мәжілісте дәрі-дәрмекке шекті бағаны белгілейтін заң жобасы талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның бүгінгі жалпы отырысында депутаттар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелеріне қатысты заң жобасын талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісте дәрі-дәрмекке шекті бағаны белгілейтін заң жобасы талқыланды

Мәжіліс төрағасы бұл құжат қазақстандықтарды қолжетімді бағамен және сапалы, тиімді, қауіпсіз дәрілермен қамтамасыз етуге бағытталған аса маңызды құжат екенін айтты.

Осы орайда Мәжіліс спикері: «Бүгін біз өте маңызды және өте қажетті заң жобасын мақұлдадық. Себебі, бұл заң жобасының әлеуметтік маңызы өте зор. Баршаңыз жақсы білесіздер, дәрілер бағасын заң деңгейінде реттеу - Елбасымыздың тікелей тапсырмасы. Сондықтан, бұл заң күшіне енген кезде, дәрілердің қолжетімді болуына және бағаның да тұрақты болуына жаңа серпін беруге тиіс. Сол үшін екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, осы талапқа сай заң дайындауымыз керек»,- деді.

Заң жобасында алдағы жылдан бастап, дәрілік заттардың шекті бағаларын бекіту арқылы барлық дәрі-дәрмектердің құнын реттеу мен басқа да мақсаттар көзделіп отыр.

Айта кетейік, осы мәселе бойынша депутаттық корпус біршама жұмыстар атқарды. Мәселен, тақырып төңірегінде комитеттің, жұмыс топтарының арнайы отырыстары өтіп, дәрілік қамтамасыз ету бойынша парламенттік тыңдау өтті. Онда айтылған ұсыныс, пікірлердің барлығы заң жобасын дайындау барысында ескерілген.