Мәжілісте демография тұрғысындағы отбасылық саясат мәселелері талқыланды

АСТАНА. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Демографиялық өзгерістер тұрғысындағы отбасы саясатының негізгі тұжырымдары мен халықаралық үрдістер» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Шараны Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті мен «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес ұйымдастырып отыр,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараның басты мақсаты - елде қалыптасқан демографиялық үрдістерді, тұрғындардың репродуктивті денсаулығы мен ұстанымдарын, бала тууды көбейту мақсатында отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты талқылау.

«Жалпы, бүкіл бір мемлекеттің ахуалының жақсаруы сонда мекен ететін отбасы жағдайының жақсаруына тікелей байланысты. Ал салауатты отбасы - салауатты қоғамның кепілі. Осы мәселеге Мемлекет басшысы үнемі назар аударып келеді. Мәселен, Елбасы өз Жолдауында 2020 жылға дейін халық санын 10 пайызға арттыру қажеттігін айтып, еліміздегі өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін арттыруға қол жеткізу туралы тапсырма жүктеді. 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, халық санының өсімі ең алдымен табиғи көбею мен оңтайлы көші-қон саясаты есебінен орын алуы керектігі қамтылып отыр», деді жиынды ашып сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова.

Жиын барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова отбасыларды қолдау шаралары жөнінде баяндады. Сонымен бірге, отырыстың қорытындысы бойынша отбасылардың жағдайы мен олардың мәртебесін нығайту, елдің демографиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ұсыныстар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар