Мәжілісте ел өңірлерінде сумен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асқарбек Үйсімбаев сумен жабдықтау мәселесіне қатысты Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының 277-тармағында 2025 жылға дейін қалалар мен ауылдардың тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтерін 100% қол жеткізумен қамтамасыз ету көзделген. 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау қорытындысы бойынша 350 жобаны іске асыруға 151,4 млрд теңге бөлінген, оның ішінде: қалалар бойынша – 92 жобаға 77,3 млрд теңге, ауылдар бойынша 258 жобаға 74,1 млрд теңге қаралып отыр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті қалаларда - 98%, ауылдарда – 91,8% жеткізу жоспарлануда», - деді А. Үйсімбаев.
Оның айтуынша, іс жүзінде өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге сапар барысында бұл мәселенің әлі де өзекті болып отырғаны көрініп тұр. Қазіргі уақытта ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіштері және тұтастай алғанда сумен жабдықтау жүйелерінің, әсіресе ауылдарда, сипаттамалары бұрынғысынша қанағаттанарлықсыз күйде.
«Сонымен қатар, бізді алаңдатып отырған мәселе – көптеген шағын қалалар мен ауылдарда ауыз су сапасының төмендігі, магистралдық желілер жабдықтарының тозуынан су жеткізуге кедергі келтірілуі. Су – көптеген жерлерде тұтынуға мүлдем жарамсыз, сапасы бағасына сәйкес келмейді. Осыған байланысты тұрғындар дүкендерден бөтелкедегі суды сатып алуға немесе сүзгілерді орнатуға мәжбүр. Сондай-ақ, су қабылдау станцияларында электр қуатын ажыратқан кезде, тұрғындар үнемі ауыз сусыз қалады. Ал, жоғарғы қабаттарда тұратын тұрғындар судың төмен қысымына шағымданады, нәтижесінде суды тек түнде пайдалануға мәжбүр болады. Сондай-ақ, Алматы және Түркістан облыстарының ауылдық елді мекендерінде және еліміздің батыс өңірлерінде де ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы өткір болып тұр», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, сумен жабдықтау және кәріз тарифтері бойынша да сұрақтар туындайды.
«Жоғарыдағы мәселелерге байланысты және Мемлекет басшысының ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу тапсырмасын мүлтіксіз орындау мақсатында Ұлттық жобада тиісті іс-шараларды қарастыру қажет деп есептейміз:
еліміздің қалаларында жаңа тұрғын үй кешендерін салуды ұлғайтуға байланысты қуаттың жетіспеушілігі проблемасын шешу, авариялық жағдайдағы желілерге мониторинг жүргізу және техникалық ескірген, тозған жабдықтар мен су құбыры желілерін ауыстыруды қамтамасыз ету, сумен жабдықтаудың өзіндік құнын төмендететін тиімді жұмыстар жүргізіп, өңірлерде тұтынылатын су тарифтерін реттеу, жерасты тұщы су көздерін анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу», - деді Асқарбек Үйсімбаев.