Мәжілісте «Электрондық үкіметті» дамытуға байланысты заң жобасының таныстырылымы өтті
АНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Электрондық үкіметті» дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында аталмыш құжат бойынша баяндаманы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Қуанышбек Есекеев жасады. Оның сөзіне қарағанда, электрондық мемлекеттік қызмет көрсететін субъектілердің жұмыс тәртібін реттейтін аталмыш құжатта осы қызметтерді жүзеге асыру тәртібі егжей-тегжейлі регламенттелетін болады.
Заң жобасы күшіне енетін болса, ол еліміздің «Электрондық үкімет» жүйесін түбегейлі жетілдіруге ықпал етеді. Атап айтқанда, құжат талаптары бойынша әкімшілік процедуралар оңтайландырылып, электрондық мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы мемлекеттік басқару қызметінің тиімділігі артады. Сонымен қатар, электрондық қызмет саласының ашықтығы қамтамасыз етіліп, тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар саны азаяды және осы саладағы қызметкерлерге жүктелетін міндеттер көлемі кемиді.
Отырыс барысында халық қалаулылары құжат талаптары бойынша өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіріп, «Электрондық үкімет» жұмысына байланысты қалыптасқан мәселелерді де талқыға салды.