Мәжілісте «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Мәжілісте «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасының   таныстырылымы өтті

Мәжіліс депутаттары мен еліміздің бірқатар мемлекеттік орган өкілдері қатысқан басқосуда жаңа заң жобасына қатысты Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, 2007 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Ұлттық ғарыш агенттігі құрылды. «Бұл Қазақстанның ғарыш қызметінің дамуында сапалы жаңа кезеңді белгіледі. Қазғарыш үш жылдың ішінде Қазақстанның ғарыш қызметінің стратегиясын әзірлеп, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің жан-жақты қолдауы арқылы елімізде жаңа ғарыш саласын құруға, экономиканың ғылымды қажетсінетін жоғары технологиялы секторын қалыптастыруға бағытталған жобаларды іске асыруда»,- деді Агенттік төрағасының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, ғарыш қызметі дамуының стратегиялық бағыттары Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына және «Қазақстан Республикасында 2010-2014 жылдарға арналған ғарыш қызметінің дамуы» салалық бағдарламасына енгізілген. «Салалық бағдарламаның мақсаты - толыққанды ғарыш саласын құрудың бірінші кезеңін іске асыру болып табылады. Оған сәйкес, «КаzSat-2» және «KazSat-3» байланыс және ақпарат тарату жүйесін құру, Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыштық жүйесін құру, «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру сияқты еліміздің Индустрияландыру картасына енгізілген 4 жобаны іске асыру болып табылады», -деді М.Молдабеков.

Оның айтуынша, заң күшіне енсе, ол еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, осы үдерісте ғарыш қызметінің үлесін ұлғайтады. Сондай-ақ ғарыш қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді жүйелеуге мүмкіндік береді.