Мәжілісте «Генді-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы таныстырылымы өтті

ТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Генді-инженерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы» заң жобасы таныстырылымы өтті.
None
None

Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынхановтың айтуынша, елімізде генді модификацияланған организмдерді бақылау шарасы халықаралық талаптарға сай емес. «Қалыптасқан жағдай еліміздің аумағына осындай тауар түрлерінің көптеп енуіне мүмкіндік беріп отыр. Генді модификацияланған организмдерге қатысты біз қаншама мәселе көтеріп жүргенімізбен, бұл бағытта нақты реттелген шаралар қолға алынған жоқ. Бұл мәселенің шешімі генді модификацияланған организмдердің айналымына бақылау жүйесін енгізумен тікелей байланысты деуге болады. Сонымен қатар мұндай жүйе енгізу өз кезегінде халақыралық құжаттарда көрсетілген талаптарға сәйкес қадам болып табылады. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Білім және ғылым министрлігі «Генді инженерлік қызметті мемлекеттік бақылау туралы» заңының жобасын дайындады»,-деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш құжатты дайындауда 2006 жылы ТМД-ның Парламентаралық Ассамблеясында қабылданған генді модификацияланған қызметпен байланысты қауіпсіздік жөніндегі заңы негізге алынған. «Біз тұсауын кесіп отырған заң жобасы елімізде генді-иженерлік қызметті дамытуға бағытталған»,-деді Мұрат Орынханов.

Оның сөзінше, генді модификацияланған өнімдер мен организмдерді жасау - қазіргі заманғы генді-инженерлік қызметтің үлкен жетістігі. «Генетикалық құрылымдардың құрамын әралуандандыру арқылы көптеген елдердің ғалымдары адам тұтынатын негізгі өнімдерге қоршаған ортаның түрлі қолайсыз жағдайларына төтеп бере алатын қасиет берді. Осының салдарынан аталмыш өнімдер дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінен әлдеқайда көп мөлшерде өнім беретін болды. Соған қарамастан, генді модификацияланған өнімдерді тұтыну қалың көпшіліктің алаңдаушылығын тудырып отыр. Себебі, генді модификацияланған өнімдердің адам денсаулығына әсері әлі толық зерттеліп бітпеген»,-деді Білім және ғылым вице-министрі.

Соңғы жаңалықтар