Мәжілісте қаржылық дағдарыстың балалар жағдайына тигізетін әсері жөнінде дөңгелек үстел өтеді
АСТАНА. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қаржылық және экономикалық дағдарыстың Қазақстан Республикасындағы балалардың сау-саламаттығына тигізетін әсері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің бірлесіп ұйымдастырғалы отырған шараға депутаттар, халықаралық және орталық мемлекеттік ұйымдардың және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге, жиын барысында халықаралық сарапшылардың қаржылық және экономикалық дағдарыстың Қазақстандағы балалардың денсаулығы мен жағдайына тигізетін әсері жөніндегі есебінің таныстырылымы болады.
Сондай-ақ, ертең Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда депутаттар «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы» сияқты маңызды халықаралық заң жобаларын қарауды жоспарлап отыр.