Мәжілісте «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының кезекті отырысы өтті
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының кезекті отырысы өтті. Онда Елбасы - Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында жүктеген әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға этномәдени орталықтардың қатысулары жөніндегі тапсырманың орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Жиында Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша немістердің «Қайта өрлеу» этно-мәдени орталығы бірлестігінің төрағасы И. Берд күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, Ақмола облысының 8 ауданында әлеуметтік бағыттағы бағдарламаны жүзеге асыратын «Әлеуметтік театр» жұмыс істейді. Мәдени орталықтың жастар қанатының бастамасымен әлеуметтік-экологиялық бағыттағы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал этнолингвистикалық лагерлерде қазақ тілі оқытылып жатыр.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» депутаттық тобының мүшесі Юрий Тимошенко кәсіпкерлер қауымдастығының жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының аясында кәсіпкерлердің форумы өткізілді. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 8 жобасы іске асырылып жатыр. Ал ауыл шаруашылығы, машинақұрылыс және құрылыс салаларына бағытталған 60 жобамен келісім жасалуда.