Мәжілісте Қазақстан мен Македония арасындағы инвестицияларға қатысты келісім жөніндегі заң жобасы қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде құрылған жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Македония Республикасының Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарады.

Мәжілісте Қазақстан мен Македония арасындағы инвестицияларға қатысты келісім жөніндегі заң жобасы қаралды

Жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов кіріспе сөзінде аталған келісімнің екі ел үшін ынтымақтастық және экономикалық маңызы жөнінде айтып өтті. «Келісім екіжақты қарым-қатынасты дамытуға, тараптардың инвестициялық климатын жақсартуға, тараптар арасындағы өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады, сондай-ақ өзара инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасайды», - деді Е. Бектұрғанов.

Келісімнің мақсаты туралы және қандай жұмыстар жүргізілгені жайлы Инвестициялар және даму министрлігінің өкілі айтып өтті. Бірқатар депутаттың сұрақтарына жауап берді.

Осы Келісімге сәйкес тарап екінші тараптың инвесторларына ол ұлттық инвесторларға немесе үшінші мемлекеттердің инвесторларына ұсынатын режімнен қолайлылығы кем болмайтын режім ұсынады.

Әрбір тарап өз аумағында екінші тарап инвесторларының инвестициялары мен инвестицияларынан түскен кірістеріне инвестициялардың әділ және тең құқылы режимін, сондай-ақ олардың толық қорғалуын қамтамасыз етеді.