Мәжілісте «Қазақстан Республикасы - Еуропалық одақ» ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысы өтті
Отырыс барысында саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық, аймақтық қауіпсіздік және өзара тиімді іс-қимыл тақырыптары сөз болды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, білім беру, заңның үстемдігі, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары, сонымен қатар, Қазақстандағы адам құқықтары мәселелеріне жете көңіл бөлінді. Әсіресе, Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңейтілген келісім жайына айрықша назар аударылып, Орталық Азия бойынша жаңа ЕО стратегиясы талқыланды.
Бұдан бөлек, шара барысында «Қазақстан Республикасы - Еуропалық одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағалары С. Дьяченко мен И. Григуле ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді. С. Дьяченко өз сөзінде: «Комитет құрылған 15 жыл ішінде екіжақты қарым-қатынастың жетістіктері мен күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді ашық әрі өзара сенім деңгейінде талқылайтын тиімді пікір алмасу алаңына айналды. Еуропалық одақпен әріптестік қарым-қатынасты кеңейту, одан әрі тереңдету Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі» -деді.
С. Дьяченко отырыс барысында Қазақстан Президентінің 5 институциналдық реформалары, оны жүзеге асырудың «100 нақты қадам» бағдарламасы еуропалық әріптестердің айрықша қызығушылығын туғызғанына тоқталды.
Ал И. Григуле ханым, өз кезегінде комитет отырысының жоғары деңгейде өтіп жатқанын, өте ауқымды мәселелерді қамтығанын алға тарта келіп: «Біз Қазақстанның үйлесімді қатынастарды дамыту және аймақтық ынтымақтастықты нығайту жолындағы мақсаттарына дән ризамыз. Бұл Қазақстан халқы үшін де, еуропалық елдер үшін де өте маңызды. Өзара түсіністік әрі сенім деңгейіндегі іс-шаралардың барлығы біздің елдеріміздің игілігіне қызмет етері сөзсіз»,-деді. Ақпарат үшін айта кетейік, ынтымақтастық комитеті басқосу мен пікір алмасу үшін Қазақстан Парламенті мен Еуропалық Парламент мүшелерінің форумын құру мақсатымен Әріптестік және ынтымақтастық келісімі шеңберінде құрылған. Комитет отырыстары Астана мен Брюссельде кезектесіп өткізіліп тұрады.