Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы экологиялық саясаттың құралдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Наурыздың 11-і, бейсенбі күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы экологиялық саясаттың құралдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы экологиялық саясаттың құралдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтеді

Бұл шараны ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Еуропалық Одақтың «Қазақстан Республикасында экологиялық саясаттың құралдарын енгізу» атты жобасымен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент депутаттары, Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі, басқа да мүдделі министрліктер мен ведомстволардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі халықаралық және отандық сарапшылар қатысады.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің хатшысы Валерий Котович мәлімдегендей, отырыстың мақсаты Еуропалық Одақ тарапынан іске асырылып отырған жоба шеңберінде отандық және халықаралық сарапшылар жүргізген экологиялық саясаттың қолданыстағы құралдар жүйесін талдау нәтижелерімен таныстыру және талқылау, сондай-ақ Қазақстандағы экологиялық саясаттың құралдарын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.

Дөңгелек үстелдің отырысында қарастырылатын мәселелердің өзектілігі кез-келген қызметтің, оның ішінде экологиялық саясаттың нәтижелілігі дұрыс таңдалған құралдар мен тәсілдерге байланысты болуымен маңызды.

Мемлекеттік билік және азаматтық қоғам өкілдерінің сұхбаты аясында талқыланатын мәселелер экологиялық саясаттың негізгі үш саласы - қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы, су ресурстарын басқару және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселелерін қамтиды.