Мәжілісте Қазақстандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономикалық дағдарыстың әсері жөніндегі зерттеу нәтижелері таныстырылды
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында балалардың сау-саламаттығына қаржы және экономикалық дағдарыстың тигізетін ықпалы» атты дөңгелек үстел жиыны болып өтті.
Жиын барысында ҚР Үкіметі жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ, ЮНИСЕФ және Халықаралық даму институттарының бірлесіп жүргізген «Қазақстандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономикалық дағдарыстың, азық-түлік пен отынға баға тұрақсыздығының әсері» атты зерттеуінің қорытындылары ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты - Қазақстандағы балалардың өмірі мен әл-ауқатына қаржылық және экономикалық дағдарыстың ықпал ету салдарын еңсеру бойынша шараларды қарастыру және осы бағытта ұсыныстар әзірлеу болып отыр.
«Әрине, жаһандық дағдарыс Қазақстанның даму қарқынына әсер етті. Дегенмен, елімізде барлық әлеуметтік міндеттемелері, әлеуметтік шығындары, оның ішінде балаларға қатысты жәрдемақылар 2009-2010 жылдардағы бюджетте еш қысқартусыз қалды. Соңғы екі жылда еліміздің экономикалық әлеуеті қиын-қыстау кезеңдерде тұрақтылықты сақтап қалуды қамтамасыз етті. Ендігі күні ел экономикасының сауығу белгілері байқалып отыр. Сол үшін де алдағы уақыттағы мемлекеттік саясатты қалыптастырулар барысында, бюджеттік жобалау кезеңдерінде ана мен бала мәселесіне баса назар аударылатын болады», деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова.
Жиында Қазақстандағы балалардың сау-саламаттығына дағдарыстың тигізетін ықпалы мәселелері бойынша зерттеулердің негізгі қорытындылары қысқаша таныстырылып өтті. Сонымен бірге, еліміздің бүгінгі ұлттық басымдықтары мен әлеуметтік-экономикалық даму стратегиялары контексінде дағдарыс уақытында және дағдарыстан кейінгі кезеңдерде балалар саулығын жақсарту жөнінде ұсынымдар талқыланды.