Мәжілісте Кеден одағына қатысты бірқатар келісімдер талқыланды
қпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында Беларус, Қазақстан, Ресей арасындағы Кеден одағына байланысты бірқатар заң жобалары талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобалары - «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау туралы», «Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы» деп аталады. Бірінші заң жобасының мақсаты Одаққа қатысушы мемлекеттердің біріңғай кеден аумағына әкелінетін және осы аумақтан әкетілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібінің негізгі ережелерін айқындайды. Сонымен бірге, кедендік құқықтық қатынастарды реттейтін халықаралық шарттарды әзірлеуге септігін тигізеді.
Ал кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру туралы келісімнің мақсаты осы бағыттағы бірыңғай ережелерді белгілеу шараларын қамтитын болады. Сондай-ақ, тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісім - Тараптар мемлекеттерінің бірыңғай кедендік аумағында дамушы және дамыған елдерде шығарылатын тауарларға қатысты ережені қолдануға мүмкіндік береді.
Келісімдерді қамтитын заң жобалары палатаның жалпы отырысында талқыланатын болады.