Мәжілісте кепілдік берілген заң көмегін ұсыну жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы таныстырылды

Аталған заң жобасы, ең алдымен, тегін заңгерлік көмек көрсетуді реттейтін құқық нормаларын бір ғана заңнамалық актіде жүйелендіруді қарастырады. Ал құжатты қабылдау Конституцияның 13-бабында қарастырылған тегін кепілдендірілген білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ететін болады. Бұл ретте барлық мемлекеттік органдар өзінің құзыреті шеңберінде кез келген тұлғаға заңдық ақпарат түріндегі тегін көмекті ұсынуға міндетті болады. Сонымен қатар, заң жобасында тегін заң көмегін ұсынатын барлық бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылатын бірыңғай уәкілетті орган айқындалады. Өйткені, қазіргі уақытта ондай тегін заңгерлік қызметтерді жүзеге асыратын адвокаттардың жұмысына ақы төлеу бірнеше мемлекеттік органдармен (Ішкі істер, Әділет министрліктері, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті) жүзеге асырылады.
«2010-2020 жылдар аралығындағы Қазақстанның құқықтық саясаты тұжырымдамасында ел азаматтарының заң көмегін ұсынуды сапалық тұрғыдан жетілдіру мәселесі қарастырылған. Оны ұсыну жүйесі де жақсартуды талап етеді. Әсіресе, табысы төмен азаматтарға ондай көмек қолжетімді болуы шарт. Біздің ойымызша, адвокаттық қызметтердің қалалық және ауылдық жерлерде теңдей қамтылмауына қатысты проблеманы шешетін уақыт келіп жетті. Бұнда шын мәнінде қызметтер ұсынудағы алшақтық басым. Адвокаттардың ауылдық аумақта жұмыс істеуі де соншалықты белсенді емес, ал елді мекендер тіпті адвокаттық көмекпен қамтылмаған. Сондықтан да тегін қызметті көрсететін адвокаттардың жұмысын әкімшілендірудегі олқылықтарды жою да өзекті. Бұл жүйені үйлесімді әрі ашық ету қажет. Сонда ғана осы салаға бөлінген бюджет қаражаттары тиімді пайдаланылады», - дейді заң жобасына қатысты сөйлеген депутат Рақмет Мұқашев.
Оның айтуынша, тегін заң көмегін реттейтін заң жобасы бірқатар құқықтық нормаларды бір ғана заңнамамен жүйелендіруді көздейді.