Мәжілісте көші-қон заңнамасын жетілдіру жолдарына арналған дөңгелек үстел жиыны өтті
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» атты тақырыпта дөңгелек үстел жиыны болып өтті.
Басқосуды Парламент Мәжілісі жанындағы Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыс жөніндегі консультациялық кеңес пен «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылданған болатын. Соңғы 13 жылда бұл заңға 3 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бірақ әлемдегі жаһандану үдерістері еліміздің көші-қон саласына да әсерін тигізуде. Сондықтан да «Көші-қон туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу қажеттігі туды. Оның үстіне 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Бұл ретте Мемлекет басшысы да қалыптасып отырған жағдайға орай елімізге жаңа заң қажет екендігін алға тартқан болатын», деді жиында ашып сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, Көші-қон мәселелері және отандастармен байланыс жөніндегі Консультациялық кеңес төрағасы Уәлихан Қалижан.
Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізге оралған оралмандардың жалпы саны 1 млн.-ға жуық адамды құрап отыр. Олардың 55 пайызы еңбекке қабілетті жастағылар болса, 41,2 пайызы 18 жасқа толмаған өскіндер. Сонда оралмандардың 5 пайызы ғана зейнеткерлік жаста болып табылады. Бұдан бөлек депутат У. Қалижан соңғы жылдары еліміздің ішкі көші-қон да күрделеніп отырғанын атап өтті. Мәселен, облысаралық және облыстың өз ішінде көшіп-қонушылар саны 1991-2008 жылдар аралығында 5 млн. адамды құраған. Қазір ішкі көші-қон тұрақты 300 мың адамның көлемінде орныққан.
«Жалпы, еліміздің көші-қоны мәселесімен оншақты мемлекеттік органдар айналысады. Бұл жаңа заң жобасында Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіреттері, өзара байланыстары айқындалып нақтыланады», деді У. Қалижан.
Жиын барысында жаңа заң жобасының таныстырылымы да өтіп, ол бойынша басқосуға қатысып отырған қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер өкілдері пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.