Мәжілісте қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселелеріне қатысты заң жобасының таныстырылымы өтеді
АНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Ертең, 4 қараша, бейсенбі күні, Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтеді.
Заң жобасының таныстырылымы ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобровтың, ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен өтеді.
Отырысқа Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев жетекшілік етеді.
Заң жобасының мақсаты жөнінде ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоганн Меркель баяндама жасайды деп күтілуде.
Заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Ерзат Әлзақов жетекшілік жасайды.
Енгізілетін түзетулердің негізгі мақсаты қылмыстық заңнаманы ізгілендіру және оны құқықтық мемлекет стандарттарына сәйкес келтіру, қылмыстық сот ісін жүргізудің құдалау сипатын азайту, қылмыстық процесте заңдылықтың қосымша кепілдіктерін белгілеу, оның ішінде жеке кәсіпкерлік мүддесін қорғау дәрежесін арттыру.
Заң жобасы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңнамасына, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Заң жобасын қабылдау қосымша қаржы шығындарын талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарды тудырмайды.