Мәжілісте Қырғыз елімен байланысты нығайтатын бірнеше құжат мақұлданды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар мақұлдаған құжаттардың барлығы да Қырғызстанмен арадағы қарым-қатынасты реттеуге бағытталған заң жобалары болды.

Мәжілісте Қырғыз елімен байланысты нығайтатын бірнеше құжат мақұлданды

Алдымен «Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған тақырып аясында арнайы баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қа­сым­бек осы кезге дейін қол қойыл­ған келісім 2017 жылдың 10 қаң­тарынан бастап уақытша қол­данылатындығын және екі мемлекет арасындағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шарт мынадай қағидаларды қарас­тыратынын атап өтті. 

«Біріншіден, тараптардың қазақстандық және қырғыз­стан­дық тұтынушылар үшін теміржол көлігі мен инфрақұрылым қыз­меттері және басқа да инфра­құ­рылым нысандарына, темір жол тасымалдаушыларына тең құқылы қолжетімділігі қам­тылады. Біздің елімізде мұндай талаптар 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күннен бастап қойыла бастаған болатын. Ал қырғыз тарапы 2016 жылы тиісті өзгерістерді енгізді. Екіншіден, Қазақстан мен Қырғыз ара­сын­дағы және тараптармен ЕАЭО туралы Шарттың аясында тран­зиттік тасымалданатын жүктерді бірыңғай тарифтермен қолдану тәртібі ескерілген», деді Ж. Қа­сымбек.  Бүгінде екі ел арасындағы тасымалдау көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға өскен.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өз кезегінде Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасына қатысты төрт бірдей заң жобасын таныстырды. Оның алғашқысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкі­меті арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» құжат болды. Бұл заң жобасы Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғыз Республикасының қосылуына орай, Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни қыр­ғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қыр­ғыз-өзбек шекарасына ауысуы­на байланысты туындап отыр.

Себебі, осы ретте қырғыз шека­расының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаң­ғыртуды қажет етеді. Сондықтан да Одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекеттер басшылары деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданып, бұл көмек бұл елдің Одаққа қосылуы жөніндегі «жол карталарында» көзделген іс-шараларды іске асыруға бағытталмақ. Министрдің баяндауын­ша аталған құжатта көрсе­тіл­ген Кө­мек Қазақстан Республи­ка­сы­ның ұлт­тық заңнамасымен регла­мент­­телмегендіктен, енгі­зілген Хат­тама ратификациялауға жатады. 

Күн тәртібіне шығарылған келесі құжат «2016 жылғы 26 жел­тоқсандағы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен Қыр­ғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету жә­не оны пайдалануды бақылау тәр­тібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды.

Бұл хаттамамен Қырғыз Рес­пуб­ликасына техникалық жәр­дем көрсету іс-шараларының тіз­бесін (шығыстар сметасы) келі­суін жеңілдету мақсатында көмек көрсету тәртібіне өзгеріс­тер енгізіледі. Ал өзгерістер нақты­лау сипатына ие және ол Қа­зақ­стан тарапынан Қырғызстанға техникалық жәрдем көрсету шеңберіндегі жүргізілетін жұмыстарын уақтылы және сапалы іске асыру үшін әзірленді.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да бірауыздан мақұлдады.

Қаржы министрінің таныстыруымен мақұлданған келе­сі құжат «2016 жылғы 26 жел­тоқсандағы Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Қырғыз Рес­публикасының Үкіметі арасын­дағы Техникалық жәрдем көрсе­ту туралы хаттамаға өзгеріс­тер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қыр­ғыз Республикасы Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды.

Биылғы жылдың 17 наурызында Мәскеуде жасалған Хаттамада бірінші транштың сомасы 41 038 096 АҚШ долларын құрайтыны және салалар бойынша техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі бекітілетіні көрсетілген. Сонымен қатар, ішкі иіріміндегі тиісті міндеттемелер тараптардың ведомствоаралық дең­гейінде бекітілетіні көз­делген.