Мәжілісте МӘМС бойынша Үкімет сағаты өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Күзде Мәжілісте МӘМС жүйесіндегі мәселелер туралы парламенттік тыңдау өтеді. Бұл туралы Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Туыстарымыз да, өзім де медицина саласымен күнделікті ұшырасып отырамыз. Мұндағы ең үлкен проблеманың бірі – осы медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі. Мысалы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында магниттік-резонансты тексеруден өтейін десең, компьютерлік томография немесе ультрадыбыстық зерттеуден өткіңіз келсе, 3-4 ай күту керек болады. Ал, сол қызметтерді МӘМС аясынан тыс, ақылы негізде өтем десеңіз, «Міне, 5 минуттан кейін өте қой» дейді. Бізге сайлаушылар осы сұрақты көп қойып жатыр. Біз неге МӘМС-ке жарна төлейміз, неге оның игілігін көріп отырған жоқпыз?» деп сұрайды. Негізі МӘМС қажетті дүние», - деді Асхат Аймағамбетов «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумының кулуарында.
Депутаттың айтуынша, дамыған, өркениетті елдердің бәрінде осыған ұқсас жүйе бар.
«Бүгінде денсаулық сақтау саласында көп жұмыс атқарылып жатыр. Бірақ, МӘМС жүйесінің тиімділігін арттыруымыз керек. Азаматтар МӘМС-ке ай сайын жарна төлеп отырғандықтан, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі артқанын сезіп, көруі керек. Оны сезінбесе, бұл жүйеге қосымша реформа керек деген сөз. Осы тұрғыдан қарап, ұсыныстарымды айтып жүрмін. Бұл жерде жай ғана сын айту емес, ұсыныс айту маңызды. Біз қазір Денсаулық сақтау министрлігімен, министрмен тиісті жұмысты бірге атқарып жатырмыз. Бірнеше рет министр Мәжілістегі комитетімізге келді. Осыған дейін МӘМС бойынша айтылған ұсыныстардың қайсысы, қай деңгейде орындалғаны туралы мәлімет берді. Жазда тағы қосымша жұмыс істейміз деп отыр. Қыркүйек айында Мәжілісте Үкімет сағатын өткізіп, МӘМС бойынша парламенттік тыңдау өткіземіз. Сонда осы мәселені талқылаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.