Мәжілісте мемлекеттік мүлік жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап қысқа уақыт ішінде дамудың алуан түрлі сатысынан өтті, яғни жаппай мемлекет меншігінен алу мен жекешелендіруден бастап ірі холдингтер мен корпоративтік басқаруға дейінгі сатыларды бастан өткерді. Сонымен бірге, елдің әлеуметтік дамуы Үкіметтен мемлекеттік меншікті басқарудың белгілі бір тәсілдері мен әдістерін қабылдауды талап етті. Бұндай әдістер әртүрлі нормативтік құқықтық актілерде, жарлықтарда, кодекстерде, заңдарда Үкімет қаулыларында бекітіліп отырды. Дегенмен де, мемлекеттік активтерді басқару жөнінде жүйелі заң болған жоқ. Елбасы Парламенттің ағымдағы шақырылымында осы мәселеге назар аударып, «Мемлекеттік активтер туралы» жаңа заңның қажеттігін алға тартқан болатын», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, заң жобасын қабылдаудың мақсаты - мемлекеттік мүлікке мемлекеттік құқықты жүзеге асыру үдерісінде қалыптасатын қатынастарды реттейтін құқықтық негіздерді, қағидаттар мен ережелерді бекіту жолымен мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы заңнаманы, сондай-ақ оның тиімді пайдалануын бақылау жөніндегі қатынастарды жетілдіру.
Осыған орай, заң жобасы мемлекеттік мүліктің құқықтық режімін, мемлекеттік мүлікті басқарудың құқықтық негіздерін, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген мүлікті және мемлекетке тиесілі акцияларды және жарғылық капиталдағы үлесті, мемлекеттің ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен стратегиялық нысандарға ықпалының аясын айқындайтын болады.
Сонымен бірге, құжат мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесі ретінде де және басқа да құқық иеленушісі ретінде де құқықтарының тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталады. Бұдан басқа, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар арқылы мемлекеттік мүлікті корпоративтік басқарудың құқықтық негіздерін бекіту, олардың мемлекеттік органдармен нақты іс-қимылын және мемлекеттік мүлікті басқару саласында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз ету үшін жауапкершілігін айқындау шаралары қамтылып отыр. Сондай-ақ жоба мемлекет жалғыз акционері болып табылатын АҚ және ЖШС, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияларды, ұлттық холдинг акционері болып табылатын ұлттық компанияларды, ұлттық холдингтерді басқару жөнінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасы үшін жаңа ережелерді қамтып отыр.
Заң жобасы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылады.