Мәжілісте мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шығыстарды азайту ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) саласындағы кейбір мәселелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша шығыстарды азайту ұсынылды

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін бюджет шығындарын «жеңілдету үшін» де белсендірек қолдану қажет. Бүгін Ұлттық экономика министрі мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту жөніндегі шаралар туралы толыққанды ақпарат берді. Дегенмен, бірқатар мәселелерге тоқталғым келіп отыр», - деді депутат.

Осы орайда ол экономиканың барлық саласы мен қызмет аясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен жеткілікті қамтылмағанын атап өтті.

Н. Сабильянов «Қазақстан 2050» Стратегиясын, сондай-ақ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2015 жылы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңы қабылданғанын еске салды.

Заңда қолданудың барлық салалары бойынша шектеулерді алу, қатысушылардың құрамын кеңейту, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің конкурстық рәсімін оңайлату және тағы басқалар көзделген.

«Бүгінгі күні экономиканың әртүрлі секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 1 000-нан аса жобалары мәлімделген. Оның ішінде 443 шарт жасалып, соның 66 пайызы білім беру, 16 пайызы денсаулық сақтау, 8 пайызы мәдениет және спорт салаларына, 9 пайызы қалған қызмет салаларына тиесілі. Сумен жабдықтау және кәріздендіру, энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, туризм, тұрғын үй құрылысы, мәдениет салалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен толық қамтылмаған. Мәселен, әлеуметтік салада 4 жоба, ауыл шаруашылығында - 7 жоба ғана іске асырылуда», - деп тоқталды ол.

Сонымен қатар, үш жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының құрылысын салу кезінде де мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бірқатар мәселелер туындады.

«Осыған байланысты уәкілетті органға, оның ішінде «Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамына бірқатар мәселелерге назар аудару керек болып тұр. Бұл тұрғыда мемлекеттік-жекешелік әріптестікті алға жылжыту бойынша жүйелі жұмысты жетілдіру керек. Салалық уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар арасындағы жұмыстар үйлестіріп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен қамту қарқынын үдеткен жөн. Жұмыс істеп тұрған және жоспарланған МЖӘ жобаларының тиімділігіне терең талдау жүргізіп отыру керек», - деді Нұртай Сабильянов.

Бұдан бөлек депутат мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының инвестициялық тартымдылығына назар аударды.

«Бұл ретте бюджетке түсетін салмақ азаймай отыр. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысанын кеңінен пайдалануды, бюджеттік қаражатты жекеменшік инвестициялармен алмастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары үшін бюджет шығыстарын барынша азайтуды көздейтін басым бағыттарды әзірлеу керек», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі Үкімет сағатында Тимур Сүлейменов мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің даму қарқыны бойынша есеп берген болатын.