Мәжілісте микроқаржы ұйымдарының қызметін қамтыған заң жобасы таныстырылды

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық  актілеріне микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

 Мәжілісте микроқаржы ұйымдарының қызметін қамтыған заң жобасы таныстырылды

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, елбасы микрокредиттеу құралдарына және оны жүзеге асыру тетіктеріне қол жеткізуді кеңейту мәселелері бойынша Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасын және шаралар кешенін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы іске асыру шеңберінде ҚР Ұлттық Банкі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп заң жобасын әзірледі. Бұл ретте микрокредиттеу нарығын одан әрі дамытуды, әлеуетті заемшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету тетіктері ұсынылады. Микрокредиттік ұйымдар қызметінің айқындылығын, олардың инвестициялық тартымдылығын арттыру және микрокредиттік ұйымдар арасындағы адал бәсекелестікті ынталандыру, сондай-ақ түрлі тәуекелдердің алдын алуды қамтамасыз ету мақсатында заң жобасымен  «микроқаржы ұйымдары» ұғымын енгізу мен микроқаржы ұйымдарының қызметін реттеу, бақылау және қадағалау институтын ендіру ұсынылады.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарының қызметін шектеу, оның ішінде микрокредиттер беру жөніндегі және рұқсат етілген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салу, сондай-ақ кредиттік бюроларды, басқа микроқаржы ұйымдарды, инкассаторлық ұйымдарды және күзет қызметіне лицензиясы бар ұйымдарды қоспағанда, өзге заңды тұлғалардың капиталына микроқаржы ұйымдарының қатысуына тыйым салу шаралары қарастырылады. Микроқаржы ұйымдарын қайта ұйымдастыру және тарату тетіктері де заң жобасымен нақтыланып отыр.  Бұл ретте жұмыс істеп тұрған микрокредиттік ұйымдардың микроқаржы ұйымдары немесе өзге ұйымдық-құқықтық нысан болып қайта тіркелуі не олардың таратылуы үшін үш жылдық кезең қарастырылып отыр.

Заң жобасы жұмыс тобында талқыланатын болады.