Мәжілісте «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы талқыланады

АСТАНА. 18 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінде «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы талқыланады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Мәжілісте «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы талқыланады

Оның атап өтуінше, ертең Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті отырысы өтеді. Онда Қазақстанның білім беру саласында сандық білім беру контентін дамыту мәселелері сөз болады. «Сәрсенбі, 20 қараша күні, Мәжілістің жалпы отырысында «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасының бірінші оқылымын қарастыру көзделуде. Сол күні депутаттар қаржылық (инвестициялық) пирамиданың әрекеттеріне қарсы іс-шараларға қатысты түзетулердің екінші оқылымын, сондай-ақ әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі заңнамалық жаңалықтарды да қарастырады. Мұнда қаржылық пирамидалармен күрес және халықты олардан қорғау жөніндегі жұмыстар біздің маңызды бағыттарымыздың бірі екенін атап өту керек», - деді ол.

Сонымен қатар 21 қарашада Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығында «Заңнамалық қамтамасыз ету: әлеуметтік үйлерді дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында кеңейтілген жылжымалы отырыс өткізеді.