Мәжілісте өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мәжілісте өткен дөңгелек үстел барысында «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған жаңа заң жобасы таныстырылды

«Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасының басты міндеті – өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидасын, мақсат-міндеттерін айқындау. Мақсаты – бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялы, экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайту, сондай-ақ дамудың шикізаттық моделінен алшақтап, өңдеуші өнеркәсіпті тұрақты дамыту. Үкіметтік редакцияда заң жобасы бес бөлімнен құралған», - деді заң жобасын депутаттарға таныстырған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов

Оның атап өтуінше, алғашқы бөлім «Жалпы ережелерді» қамтиды. Онда: ұғымдық аппарат; өнеркәсіптік саясаттың мақсаты, міндеті мен қағидалары; елдің индустриялық дамуын бағалау қарастырылады. 2-бөлім - «Өнеркәсіпті дамытудың базалық шарттары». Онда өнеркәсіп саясаты мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия; өнеркәсіпті дамыту қоры, сондай-ақ, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың нормалары реттелген.

«Өткізу нарықтарында ілгерілету» деп аталатын З-бөлім отандық өнеркәсіптік кәсіпорындарды шетелде, әрі, сыртқы және ішкі нарықтарда қолдау, ілгерілетуге бағытталған. Қосылған құнның жаһандық тізбекке енуіне жәрдемдесуді көздейді. Осылайша, ұлттық экономиканың өз-өзін дербес қамтамасыз етуіне арналған. 4-бөлім -өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдерді реттеу, өнеркәсіптегі ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру үшін жағдай жасау, сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру арқылы «Өнеркәсіптің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру». 5-бөлім - «Қорытынды ережелер», - деді вице-министр.