Мәжілісте өнеркәсіптік саясат туралы заң жобасы таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжат таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобалары Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 12-тармағын орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасының мақсаты - қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті жедел дамыту арқылы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Заң жобасы негізгі міндеттер ретінде мынаны айқындайды:

1) қолайлы индустриялық ортаны қамтамасыз ету;

2) бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту;

3) инновацияларды тиімді енгізу;

4) өнеркәсіпте ел ішіндегі құндылықты дамыту;

5) өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетін арттыру.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың айтуынша, «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасының сипаттамасы бес бөлімнен тұрады.

«Тиімді заңнамалық реттеу мақсатында 1-бөлімде өнеркәсіптік дамуды қамтамасыз ету үшін 26 ұғым мен анықтама көзделеді. Олардың ішінде өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, өнеркәсіп саласындағы субъектілер, ел ішіндегі құндылық, өңдеу өнеркәсібі, өнеркәсіптік өнім және басқа да түйінді мәселелер бар. Заң жобасындағы жаңашылдықтың бірі - индустриялық климат ұғымын енгізіледі. Оның аясында экономикалық, әкімшілік, құқықтық, институционалдық және өзге де бәсекеге қабілетті өндірістерді құру және кеңейту жөніндегі жағдайлар мен деректер бағаланады», - деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, индустриялық климаттың жай-күйіне мониторингті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асырады. Оның нәтижелері болашақта өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру кезінде ескеріледі. Мониторинг негізінде басқарушылық шешімдер қабылданып, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігі бағаланады.


Соңғы жаңалықтар