Мәжілісте өңірлерде сапасыз салынған мектептер мәселесі көтерілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Бауыржан Сартбаев жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыреттілігін Білім және ғылым министрлігіне беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Nur Otan партиясы фракциясының депутаттары жазғы халықпен кездесу аясында білім беру объектілерінің құрылысымен танысып, бүгінгі таңда мемлекеттік қаражат есебінен мектеп құрылысының сапасына, оның ішінде жаңа білім мазмұнына сәйкестігіне, оқушылардың функционалды сауаттылығын дамытуына, пәндік кабинеттермен жабдықталмауы, қосымша білім беру жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндіктердің құрылыс кезінде қарастырылмауына қатысты алаңдаушылығын білдіреді. 2021 жылдың 7 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Мәдени-әлеуметтік даму комитетіне Бюджетті талқылау аясында 800 мектептің құрылысының барысы туралы баяндаған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Б. Асылованың: «Білім және ғылым министрлігінде аталған мектептердің құрылысының барысын көру және бақылау, күн сайын мониторниг жүргізу құзыреттілігі жоқ. Бұл туралы бірнеше мәрте айтып келемін. Бізде мектептердің дайындық деңгейін қарайтын тіпті құрылысшы мамандар да жоқ», – деген жауабынан кейін алаңдаушылық одан әрі тереңдей түсті», - деді Б. Сартбаев Премьер-Министрдің орынбасары

Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Осы орайда ол жаңа мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің тиісті құрал-жабдықтарсыз, атап айтқанда, химия, физика, биология, география және үйірме кабинеттерінсіз пайдалануға берілуі қаншалықты қисынды екенін сұрады. Осы себепті оқу қызметіне лицензияны уақытында ала алмайтын мысалдар бар. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептер жан басына шаққандағы қосымша бюджеттік қаражатты пайдалану арқылы объектінің бастапқы эксплуатациясы кезеңінде жабдық сатып алуға мәжбүр. Алайда, бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жағдайындағы мектептер құрылысында және жеке инвестициялардың мектеп құрылысында оң шешілген.
«Мемлекеттік мектептерде қарапайым халықтың балалары оқитын ескерсек, бұл білім беру мекемелерінде бастапқы құрылысы кезінде пәндік кабинеттерді жоспарлауға, сол арқылы оқу процесін сапалы ұйымдастыруға, баланың тұлғасын жан-жақты дамытуға не кедергі?
Осыған байланысты «Nur Otan» партиясының мүшелері уәкілетті органға ұсыныс жасады:
- Біріншіден, оқушылардың орын тапшылығы деңгейінің нақты қажеттіліктеріне сәйкес мектептерді жобалау, құрылысын болжау және жаңартуды сараптамалық сапалы деңгейде жоспарлау қажет.
- Екіншіден, ауылдық жерлердегі модульдік мектептердің типтік жобаларын дайындау бойынша түсініктеме беруді керек.
- Үшіншіден, мемлекеттік қаражат есебінен мектептердің құрылысы кезінде қолайлы білім беру ортасын құруды ескеру қажет. Мектеп басшылары ғимарат салу кезінде 2 спорт залды қарастыруды сұрайды. Ол үшін, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттер және қосымша білім алуға арналған құрал-жабдықтар әрі жиһаздармен толық жабдықталуды қамтамасыз етуді қарастыру қажет.
- Төртіншіден, оқушылардың орын тапшылығын шешуге бағытталған заманауи білім беру ортасын құру және сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі Білім және ғылым министрлігінің қарауында екендігін ескеріп, жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыреттілігін де осы орталық мемлекеттік органға беру сұралды.


Соңғы жаңалықтар