Мәжілісте «Студенттерді Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті үлгісінде патриотизмге тәрбиелеу тұжырымдамасы» атты көрме ұйымдастырылды
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжіліс үйінде Қарағанды мемлекеттік университеті «Студенттерді Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті үлгісінде патриотизмге тәрбиелеу тұжырымдамасы» атты көрме ұйымдастырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған оқу орны бұрын Қарағанды политехникалық институты болғаны белгілі. Көрмеде «Қазақстанның тұңғыш Президенті ? біздің мақтанышымыз» айдарымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1963-65 жылдары Қарағанды политехникалық институтында оқыған кезіндегі фотосуреттері мен құжаттар берілген. Онда студент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген мінездеме мен үздік оқығандығы жөнінде құжаттар көрініс тапқан.Айта кету керек, бұл көрме «Білім жүйесі арқылы Қазақстан жастарының патриотизмін дамыту мен нығайту» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстел аясында ұйымдастырылды.Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Ғылым академиясының академигі Арыстан Ғазалиев өзі басшылық жасайтын білім ордасының жетістіктері мен ұстанған бағыттары жөнінде дөңгелек үстелге жиналғандарға әңгімелеп берді.
Көрмеде аталмыш білім ордасының бүгіні мен келешегінен хабар беретін, жастар саясатын дамытуға арналған жұмыстар туралы мәліметтер берілген.