Мәжілісте ТМД аумағында жалған тауар белгілерінің алдын алу келісімі ратификацияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс ТМД елдерінің жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілісте ТМД аумағында жалған тауар белгілерінің алдын алу келісімі ратификацияланды

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныстырды.

«Келісімнің мақсаты – тараптарға жалған белгілер және географиялық көрсеткіштер жазылған тауарларды өндіру және өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу, сондай-ақ осындай тауарларды ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу фактілерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдайлар жасау. 1999 жылғы 4 маусымдағы қолданыстағы келісімнің ережелері жаңартылды, ол осы келісім күшіне енген күннен бастап қолданысын тоқтатады», - деді Әділет министрі Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Атап айтқанда, ТМД-ға қатысушы кейбір мемлекеттердің Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуына байланысты тараптардың міндеттемелерін көздейтін нормалар енгізілді.

Аталған құжатта жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізу туралы анықталған фактілер мен ақпарат алмасу, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтау саласында кадр дайындау, олардың біліктілігін арттыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар көзделген.

«Бұл келісім тараптардың тауардың шығарылған жері мен сипаттарына қатысты жаңылыстыруы мүмкін тауарларды белгілеу және таныстыру кезінде кез келген құралдарды пайдалануды болдырмау, жосықсыз бәсекеге жол бермеу жөнінде құқық қорғау құралдарын қолдану бойынша міндеттемелерін белгілейді. Келісім тараптарының өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД елдері шеңберіндегі зияткерлік меншікті қорғау және сақтау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктелген. Тараптар ынтымақтастықты өздерінің уәкілетті органдары арқылы жүзеге асырады», - деді Азамат Есқараев.

Келісімге 2021 жылы 28 мамырда ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысында 8 мемлекет қол қойды. Қазіргі уақытта мемлекетішілік рәсімдерді Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан жүргізді.

Келісімді ратификациялау туралы заңның қабылдануы теріс құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық салдарға әкеп соқпайды, республикалық бюджеттен қосымша шығын талап етпейді.

Нәтижесінде отырысқа қатысып отырған 97 депутаттың 94-і заң жобасын жақтап дауыс берді.