Мәжілісте Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметі қаралады
АСТАНА. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Алдағы аптаның дүйсенбісі, 13 мамырда Мәжілістің отырыс залында Үкімет сағатын өткізу жоспарланып отыр. Онда Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы 2012 жылғы және 2013 жылдың 1 тоқсанындағы қызметінің қорытындылары талқыланатын болады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Үкімет сағаты аясында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Бажко баяндама жасайды деп күтіледі. Бұдан бөлек, министр депутаттардың сұрақтарына, халық қалаулылары көтерген мәселелерге жауап беретін болады.