Мәжілісте тұрғын үй қатынастарына арналған заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болды.
Құжат бойынша ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин баяндама жасады.
Аталған заң жобасы құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды, сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін әртүрлі нормаларды анықтау мен алып тастау мақсатында әзірленген. Бұл ретте заң жобасы тұрғын үй инспекцияларының қызметін заңнамалық базамен қамтамасыз етуді, «тиімді меншік жүйесін» одан әрі қалыптастыруды қарастырады. Бұдан бөлек, тұрғын үйге қойылатын санитариялық және техникалық талаптар бекітілетін болады. Сонымен бірге заң жобасының аясында арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің тұрғын үйге құқықтарын іске асыру тетігі жетілдіріледі.
«Заң жобасына сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, кондоминиум нысанын басқару органдарына ескерту беру түріндегі жауапкершілікті қарастырылатын жаңа әкімшілік құқық бұзушылық нормасымен толықтырылады. Бұдан бөлек, тұрғын үй инспекциясының қаулылары, ұйғарымдары мен мемлекеттік тұрғын үй инспекциясының өзге де заңнамалық талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік істерге қатысты құзыреті көзделеді», дейді С. Нокин.