18:06, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы озық заңнамалық тәжірибе талқыланды
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат. Бүгін Мәжілісте «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы озық заңнамалық тәжірибе» деген тақырыпта семинар өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Өткізілген шараны Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен Демократиялық институттар және Адам құқығы жөніндегі бюро бірлесіп ұйымдастырған.Семинардың мақсаты ? «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын талқылау, осы мәселелерді қарастыратын заңдарды іске асыру тәжірибелерімен бөлісу болды.Семинарды ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бас орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер алғы сөз сөйлеп бастап, заң жобасы туралы жұмыс тобының жетекшісі Жақып Асанов түсінік берді. Аталған заң жобасы мемлекеттік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меншіктің барлық түріндегі органдар мен азаматтардың құқық бұзушылығының алдын алу істерінің құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін нақтылайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтың ерекше түрі болып табылады. Заң жобасымен жұмыс барысында негізгі заң жобасында көзделген нормаларды іске асыруды қамтамасыз ететін және оны басқа да заң актілерімен сәйкестендіретін ілеспе заң жобасын әзірлеу қажеттілігі айқын болды. Осыған байланысты депутаттар тобы Ішкі істер министрлігінің қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Осы заң жобасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңға түзетулер енгізу көзделді.Семинарда Чех Республикасының Ішкі Істер министрлігінің өкілі Ивана Дуфкова, Адам құқы үшін адвокаттары атынан Мэри Элиссон, Болгария Республикасының Әділет министрлігінің өкілі Виктория Нешева талқылауға қатысып, пікір білдірді.