Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң жобасы мақұлданды
АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылап, құжатты қабылдады.
Енді аталған заң Мемлекет Басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы Қазақстан әйелдерінің 4-форумында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру үшін әрі 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын орындау мақсатында дайындалған. Заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимыл жасаудың құқықтық шаралар кешенін қамтиды.
Құжатта отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесудің пәрменді тетігі ұсынылған. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қайта жасаған азамат сот шешімімен профилактикалық бақылауға қойылады. Бұндай шаралар қабылданбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделеді. «Қазіргі уақытта отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңнаманың қолданыстағы нормалары жүйесінде отбасында жасалатын зорлық-зомбылық фактілеріне қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздері жоқ. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасылық-тұрмыстық салада қалыптасып отырған қатынастардың ерекшеліктері мен айырмашылығына байланысты отбасындағы зорлық-зомбылықты жеңу үшін әкімшілік немесе қылмыстық жазаларды қолдану жеткіліксіз», делінген құжатқа қатысты Үкімет бекіткен тұжырымдамада.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.