Мәжілісте Үкіметтің 2016 жылға бюджеттің атқарылуы есебі таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінде Үкіметтің 2016 жылға республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте Үкіметтің 2016 жылға бюджеттің атқарылуы есебі таныстырылды

«Атқару қорытындылары салық-бюджет саясатының экономикалық жағдайға әсерінің оң нәтижесін көрсетеді. Бюджеттің негізгі параметрлеріне келсек, түсімдер 100,2 пайызға орындалып, 7 трлн 760 млрд теңгені құрады. Шығыстар 8 трлн 501 млрд теңгеге атқарылып, 98,3 пайызға игерілді. Бюджет тапшылығы 741 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жоспардағы көрсеткіштен 161,5 млрд теңгеге төмен», - деп тоқталды ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Республикалық бюджеттің 2016 жылы атқарылуының негізгі сипаттамаларына тоқталған министр, бюджеттің атқарылуының негізгі жетістіктерінің бірі бюджет кірістерінің 2015 жылмен салыстырғанда  1 078 млрд  теңгеге көп жиналуына байланысты екенін жеткізді. Сонымен қатар шығыстар 2015 жылға қарағанда 18,6 пайызға, яғни 1 338 млрд теңгеге артық игерілді.

«Бюджет тапшылығының мөлшері бюджеттің тұрақтылығын сипаттайды. Өткен жылы оның көлемі Жалпы ішкі өнімге шаққанда жоспардағы 2 пайыздың орнына 1,6 пайызды құрады. 2015 жылдың көрсеткішінен 171 млрд теңгеге азайды.

«Кірістердің артығымен орындалуы нәтижесінде республикалық бюджетте 158,4 млрд теңге кассалық қалдықтар қалыптасты. Бұл қаражат биылғы ақпан айында бюджетті нақтылау үшін негіз болды. 2016 жылы бюджетке 7 662,2 млрд теңге кіріс түсті. Кірістердің құрамында салықтардың көлемі 2015 жылға қарағанда 2 пайызға ұлғайып, 56 пайызды құрады», - деді Сұлтанов.

Белгілі болғандай, республикалық бюджеттің кірістері 382 млрд теңгеге асыра орындалды.  Кепілдендірілген трансферттің көлемі есепті жылы 2 110 млрд теңгені құрады, яғни кірістердің 27,5 пайызы (2015 жылы бұл көрсеткіш 27,7% құраған). Салықтардың жоспардан артық түсуі кепілдендірілген трансфертті 370 млрд теңгеге сақтап қалуға мумкіндік берді.

«Кірістердің бұндай атқарылуының негізгі себебі - ол макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы. Мысалы, жалпы ішкі өнімнің өсуі жоспарланған 0,5 пайыздың орнына 1 пайызды құрады. Теңгемен көрсетілетін импорт көлемі жоспарға қарағанда 4,3 пайызға және металл құнының орташа бағасы 5,2 пайызға өсті.  Бұдан басқа мұнайға салынатын экспорттық кеден бажының прогрессивтік мөлшерлемесін енгізу мен басқа да факторлар кірістердің асыра орындалуын қамтамасыз етті. Салықтық әкімшілендірудің жақсаруы есебінен бюджетке жоспардан тыс 46 млрд теңге түсті», - деді ол.