Мәжілісте ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.
«Ұйымдасқан қылмыс - қылмыстың өте қауіпті әрі экономикалық, саяси, құқықтық және адамгершілік озбырлықтарға соқтыратын, қоғамға залалы мол, әлеуметтілікке қарсы құбылыстарының бірі. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыстың сыбайлас жемқорлықпен байланысы да жыл сайын тереңдей түсуіне осы саладағы мамандар алаңдаушылық білдіруде. Бұдан бөлек, ұйымдасқан қылмыстың қауіпті үдерісі оның ашкөздік немесе пайдакүнемдік қылмыстар санының өсуіне әсер етуімен де байланыстырылады. Тоқтала кететін тағы бір жайт, соңғы кездері қылмыстың осы түріне байланысты аса қауіпті үдеріс байқалып, оның трансұлттық сипаттағы байланыстарының күшейгені анықталып келеді», - деді заң жобасына қатысты пікірін білдірген депутат Светлана Бычкова.
Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстың трансұлттық сипатта белең алуына ең алдымен шекара ашықтығы, елдер арасындағы экономикалық байланыстардың арта түсуі, сондай-ақ бұндай үдерістердің құқықтық реттелуіндегі кемшіліктердің орын алуы себеп болып отыр. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттарына таныстырылған заң жобасының негізгі мақсаты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске және онымен байланысты жемқорлық құқық бұзушылыққа қарсы құқықтық базаны жетілдіру болып табылады. Бұдан бөлек, заң жобасымен қолданыстағы қылмыстық заңнаманы халықаралық талаптарға жақындату, БҰҰ трансұлттық қылмысқа қарсы конвенциясы ережелеріне қолданыстағы нормаларды сәйкестендіру көзделеді.