Мәжілісте волонтерлік қызмет туралы заң жобасы таныстырылды

Сонымен қатар, заң жобасында волонтерлік қызметтің мақсаттары мен міндеттерін, түрлерін, волонтерлік қызметке қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін, осы саладағы мемлекеттік билік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін айқындау қарастырылады.
«Волонтерлік қызмет туралы заңнаманың өзектілігі бір жағынан аталмыш институттың қарқынды дамуымен байланысты болса, екінші жағынан волонтерлік қызметтің жеткілікті дәрежеде нормативтік құқықтық реттелмеуіне байланысты туындайды. Осыған орай, заң жобасының реттеу нысанасы жұмыстарды өтеусіз орындау, қызметтер көрсету нысанында ерікті түрде қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады», - дейді Мәжіліс депутаты Мейрам Бегентаев.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында волонтерлерді тіркеудің оңайлатылған тәртібі, сондай-ақ олардың жеке басын және мәртебесін растайтын дербес құжаттар болып табылатын волонтердің жеке кітапшасын әзірлеу және беру тәртібін айқындайды. Бұдан бөлек, волонтерлік қызмет бойынша мемлекеттік саясатты іске асыратын, волонтерлік бос орындардың тізілімін жүргізетін, сонымен қатар халықаралық маңызы бар мемлекеттік волонтерлік бағдарламалар туралы ақпаратты орналастыратын уәкілетті органды айқындау көзделген. Уәкілетті органды Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын болады.
«Волонтерлік қызмет жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың мүдделерінде еркін таңдау негізінде жеке және өтеусіз негізде жүзеге асырылатын ерікті қызмет (ерікті еңбек) ретінде айқындалады. Волонтерлік өз еңбегі үшін белгілі бір жауапкершілік деңгейімен ұштасады. Мемлекет әлеуметтік проблемаларды шешу және неғұрлым өзекті проблемалар туралы «кері байланыс» алу үшін, сондай-ақ волонтерлік еңбектен экономикалық тиімділікті арттыру үшін волонтерлік қызметті дамытуға мүдделі», - деді депутат М. Бегентаев.
Оның айтуынша, құжат волонтерлік қызмет саласында туындайтын қоғамдық қатынастар жүйесін айқындауға, әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдардың қызметінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.