Мәжілісте заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралады

АСТАНА. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат - Қаңтардың 27-сі күні Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Үкіметтен келіп түскен заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесін қарайды,

Мәжілісте заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі қаралады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және оны ратификациялауы туралы» заң жобасы жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев баяндап береді деп күтілуде. Сондай-ақ Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Бағила Баймағамбетова жұмыс тобында болған талқылаулар жөнінде түсінік береді.

Сол секілді «Халықаралық еңбек ұйымының Теңізшілердің жеке куәліктері туралы №185 (қайта қаралған) конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыға салынады.

Осы күні Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы 2003 жылғы 25 желтоқсандағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да талқылайды.