Мәжілісте заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы жоба таныстырылды
АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді
заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
Құжатты таныстырған Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтитын қолданыстағы заңнаманың қызметін үш топтамаға бөлуге болады. Олар: қаржылық мониторинг субъектілері; уәкілетті орган - Қаржылық мониторинг комитеті; уәкілетті органның мемлекеттік органдармен және қаржылық барлаудың шетелдік бөлімшелерімен өзара әрекеттестігі. «Ал жаңа заң жобасын әзірлеуге ең біріншіден Конституциялық Кеңеспен қолданыстағы заң нормасының Конституцияға сәйкестігіне қатысты қарсылығы негіз болды. Бұндай қарсылықтың қорытындысына орай, Конституциялық кеңестің 2009 жылғы 20 тамызда арнайы қаулысы шығып, бірқатар ұсынымдар берілген болатын», - дейді Қаржы вице-министрі.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа заң жобасы бұған дейін көрініс тапқан құқықтық қайшылықтарды еңсеруге бағытталады. Мәселен, бұған дейін конституциялық мәндегі әрекеттерді жүзеге асыру барысында өздерінің клиенттерін қорғау тұрғысында адвокаттар арасында мүдделік қақтығыстар орын алған. Бұндай жағдайда олар өздерінің клиенттері туралы Қаржылық мониторинг комитетіне хабарлауы тиіс болатын. Осыған орай, жаңа жобада қажетті норма енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, тағы бір түзетулер бойынша жеке салымшылардың құқықтары қамтамасыз етілетін болады, сондай-ақ банктік салым берудің шегі үшін негіздемелер бекітіледі.
Заң жобасы жұмыс тобында одан әрі талқыланатын болады.