Мәжілісте жалпы отырыстың күн тәртібі бекітілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Палата Спикері  Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің Бюро отырысы өтіп, палатаның жалпы отырысында талқыланатын мәселелер  айқындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжілісте жалпы отырыстың күн тәртібі бекітілді

Депутаттар қарауына Қазақстан мен Ресей елдерінің Үкіметтері арасындағы «Туймазы - Омбы - Новосибирск-2» және «Омбы - Павлодар» магистральдық мұнай құбырларындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімді ратификациялауға байланысты заң жобасы талқыланбақ.

Сондай-ақ, «Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң жобасы ұсынылады.

Сонымен қатар, күн тәртібінің жобасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа алу көзделген.