Мәжілісте жастар мәселесіне арналған заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
«Жастар саясаты мемлекет дамуындағы маңызы зор бағыттың бірі. Қоғам мен мемлекеттің алдында жастар қуатын пайдалану үшін жағымды алғышарт жасау, жастардың әлеуметтік ынталарын қолдау тетіктерін енгізу, олардың әлеуметтік мүдделерін айқындап, оларды іске асыру мақсаттары қойылған. Бүгінгі күні еліміздегі өлшем бойынша жастар қатарына жасы 14 пен 29 арасындағы азаматтар кіреді. Бұл топ жалпы халықтың 30 пайызын құрайды. Сондықтан да, біздің ойымызша, патриоттық сана-сезімді, азаматтық ұстанымды арттыруға, белсенді қоғамдық ұстаным мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға, кәсіпкерлік және инновациялық әлеуетті дамытуға бағытталған жас ұрпақпен өзара іс-қимылдың тиімді үлгісін әзірлеу қажет», деді заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі депутат Мейрам Бегентаев.
Жалпы алғанда заң жобасы еліміздегі жас азаматтардың мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсене қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, әлеуметтік проблемаларды шешуге көмектер көрсету, жастардың бәсекелестік басымдықтарын арттыру үшін жағдайлар жасау, мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту және жастар саясаты саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында әзірленген.
«Заң жобасы Елбасының «Жас Отан» жастар қанатының 1-съезінде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру туралы жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Құжаттың негізгі стратегиялық мақсаты - жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, олардың мемлекеттік жастар саясатына қатысуына жағдай жасау, осы саясатты іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың құзыретін айқындау», - дейді заң жобасы бойынша баяндаған Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков.