Мәжілісте жастардың патриотизмін дамыту мен нығайту мәселесі сөз болмақ
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Білім жүйесі арқылы Қазақстан жастарының патриотизмін дамыту мен нығайту» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Бұл шараны «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп ұйымдастырып отыр. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты ? білім жүйесіндегі патриоттық тәрбие беру жұмыстарының қазіргі жағдайы мен болашағын талқылау, әзірленіп жатқан жастар саясатының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасына ұсыныстарды пысықтау. Дөңгелек үстел аясында Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесінің төрайымы А. Самақова, «Нұр Отан» ХДП фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты К.Бұрханов, Парламентаризм Институтының директоры Ж. Құсманғалиева, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Ф. Қуанғанов баяндама жасайды деп күтілуде.Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша Қазақстан жастарында патриотизм сезімін және мемлекеттік сананы қалыптастыруда мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың бірлескен ұстанымдарды қалыптастыру бойынша ұсынымдар қабылданады.