15:26, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
Мәжілісте «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа заң жобасы таныстырылды
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Мәжілісінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа заң жобасының таныстырылымы болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш шараны Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеті ұйымдастырған болатын. Жиын барысында жаңа дайындалған құжаттың мақсат-міндеттерімен Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасының күшіне енген жағдайда ол қолданыстағы заң мен «Мұнай туралы» заңдарды алмастыратын болады. «Заң жобасын еліміздің «Шикізат конституциясы» деп атауға болады. Құжат жер қойнауын пайдалануға байланысты заңды жетілдіріп, ондағы кемшіліктерді жойып, заңның жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмыстарына тікелей ықпалын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ол мемлекеттің, яғни жер қойнауы байлықтары иесінің мүддесін қорғауды көздейді. Бұл шара жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне жедел әрі барынша ашық бақылау жүргізу арқылы жүзеге асады. Құжат сонымен қатар жер қойнауын пайдалану құқығын беру шараларын оңтайландырып, оған қажетті рұқсат қағаздарының санын қысқартады», деді министр. С. Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, заң жобасы жер қойнауы саласындағы жалпылама мәселелерді ғана қамтып қоймай, бұрын «Мұнай туралы» заңмен реттеліп келген мұнай операцияларының ерекшеліктерін де ескеріп отыр. «Екі құжаттың бір заң жобасына енгізілуінің себебі - «Мұнай туралы» заңдағы шикіліктердің көп болуында. Қазіргі таңда министрлік тарапынан жүргізілген талдау жұмыстары «Мұнай туралы» заңның 59 бабының 42-сі сілтемелік бағытта екендігін көрсетті. Пайдалануға берілетін жер қойнауларының тәртібі оның қандай түріне берілетіндігіне қарамастан барлығына бірдей болуы қажет. Сондай-ақ бұл мәселе бір ғана заң актісімен реттелуі керек. Сонда ғана біз құқық нормаларының бірінің-бірін қайталамауының алдын аламыз», деді ол.