Мәжілісте жер қойнауын пайдалану жөніндегі заң жобасы талқыланды
А. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Жиын барысында «Жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану туралы» заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған заң жобасының ел экономикасы үшін маңызы зор. Өйткені, заңда қамтылатын өндіруші сала қызметі Қазақстан экономикасының локомотиві болып табылады. Жер қойнауын және ондағы ресурстарды тиімді пайдалану халықтың тұрмысының жақсаруына да септігін тигізеді. Сондықтан да, бұл саладағы қоғамдық қатынастарды заң тұрғысынан реттеудің маңызы зор. Осы арқылы ресурстарды игеру, пайдалану және өндірісте қолдану үдерісін елімізге оңтайлы жағдайды орнықтыру, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы климатты қалыптастыру мәселесінің шешімі табылады», деді жиынға жетекшілік еткен Комитет төрағасы Ерлан Нығматулин.
Заң жобасы күшіне енсе, бұл қолданыстағы осындай заң мен «Мұнай туралы» заңдарды алмастыратын болады. Сонымен бірге құжат жер қойнауын пайдалануға байланысты заңды жетілдіріп, ондағы олқылықтарды жойып, заңның жер қойнауын пайдалану саласындағы жұмыстарына тікелей ықпалын арттыруға бағытталған. Бұдан басқа, құжат мемлекеттің, яғни жер қойнауы байлықтары иесінің мүддесін қорғауды көздейді. Бұл шара жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне жедел әрі барынша ашық бақылау жүргізу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар құжат жер қойнауын пайдалану құқығын беру шараларын оңтайландырып, оған қажетті рұқсат қағаздарының санын қысқартады.