Мәжілісте Жезқазған өңірінің экологиялық мәселелері көтерілді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Арман Қожахметов Жезқазған өңірінің экологиялық мәселелерін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көптеген жылдар бойы Үкімет пен Парламенттің атына Жезқазған-Ұлытау өңірінің тұрғындарынан өңірдің экологиялық ластануын жою және жергілікті халыққа қолдау көрсету бойынша шаралар қабылдау туралы өтініштер келіп түсуде. Бұл - Байқоңыр ғарыш айлағының қоршаған ортаға әсерімен жұртшылық байланыстырып отырған өңірдегі онкологиялық аурулардың жоғары деңгейі, ауыз судың сапасы, медициналық қызметтердің төмен деңгейі және бүкіл өңірді экологиялық дағдарыс жағдайы аймағы деп тану туралы мәселелер. Осы мәселелерді объективті қарау қажеттігі туралы біз, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары да өз депутаттық сауалдарымызда жаздық. Алайда, уәкілетті мемлекеттік органдар аталған проблеманы шешуден бас тартып, өңірдің көпжылдық қордаланған мәселелеріне ден қоймайды», - деді А. Қожахметов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Жезқазған-Ұлытау өңіріндегі жағдайдың объективті көрінісін анықтау және тиімді шешімдер қабылдау мақсатында тиісті ұсыныстар жарияланды
1. Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерттеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру сұралды. Комиссияға Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан қоршаған ортаның ластануына бағалау жүргізу, Комиссия құрамына денсаулық сақтау, экология, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ өңірдің жұртшылық өкілдерін енгізу ұсынылды.
2. Жезқазған-Ұлытау өңірінің елді мекендері тұрғындарының денсаулық жағдайы скринингінің және медициналық тексерулердің 2020-2021 жылдардағы нәтижелерін ұсыну сұралды.
3. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының 2021 жылғы 28 маусымдағы «Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына теріс әсерін азайту» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің ұсынымдарын орындау талап етілді.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Үйтас-Айдос және Қожамсейіт суағарын қайта жаңарту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы хабарлауды сұраймыз», -деді депутат.