Мәжілісте жолдардың бойындағы орманды жерлерді қорғауға қатысты ұсыныс айтылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманғали Бердалин республикалық маңызы бар теміржол және автомобиль жолдары бойындағы орманды жерлерді қорғауға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы елімізді ауқымды түрде көгалдандыру мақсатында мемлекеттік орман қорына 2 миллиард ағаш отырғызу міндетін қойғаны мәлім. Бұл бағытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдіктері бағытында бес жылдық кешенді жоспар бекітілді. Бірақ, ел аумағының орман жамылғысын ұлғайту, жобалық материалдарды зерделеу осы құжатта мемлекеттік орман қорындағы орман алқаптарын ұлғайту мәселелерінің барлығы бірдей толықтап көрініс таппағанын көрсетеді. Бұл, бірінші кезекте, мемлекеттік орман қорының құрамына кіретін «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазавтожол» ҰК» АҚ қарамағындағы халықаралық және республикалық маңызы бар теміржол және автомобиль жолдары бойындағы қорғаныш ормандарына қатысты. Талдау нәтижесі көрсеткендей, қорғаныш орман екпелері шамамен 40-50 жыл бұрын отырғызылған. Соның салдарынан олар қорғаныш функцияларын жоғалтып, көптеген екпелер әлсіреген күйге түскен, жер-жерде қураған ағаштар көп кездеседі. Бұл ретте көп жылдар бойы осы екпелерге реконструкциялау жүргізілмегендіктен, олардың түрі жұпыны», - деді А. Бердалин.
Оның пайымынша, мемлекеттік орман қоры (МОҚ) жерлерін ұтымды пайдалану және МОҚ-қа кірмейтін орман ресурстарына ұқыпты қарау да маңызды мәселе болып отыр.
«Қазіргі уақытта МОҚ жерінің жалпы ауданы шамамен 30 млн гектар құрайды. Бұл ретте орман алқаптары бар болғаны 18,3 млн гектар, ал ормансыз алқаптар, оның ішінде егістіктер, шабындықтар, жайылымдар және өзге де алқаптар 11,2 млн гектарды қамтиды. Мемлекеттік орман қоры жерлерінің қалыптасқан құрылымы өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайда болды, сол кезде орман шаруашылығы мекемелері көп салалы болған және көбінесе ауылшаруашылық дақылдары мен мал шаруашылығымен айналысқан. Қазіргі уақытта ормансыз алқаптар дұрыс пайдаланылмайды, ал шабындықтар мен жайылымдарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан облыстық бюджеттерге түсетін түсімдер тым аз», - деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, елімізде жүздеген мың гектар табиғи және жасанды орман екпелері бар, олар еш жерде ескерілмеген, ешкімнің атына бекітіп берілмеген, сондай-ақ тиісінше МОҚ құрамына енгізілмеген.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, келесі мәселелерді қарастыруды сұрайды:
1. «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазавтожол» ҰК» АҚ бөлімшелеріне тиісті қаржы қаражатын бөле отырып, қорғаныш орман екпелерін реконструкциялау және молықтыру арқылы көлік коммуникацияларына іргелес аумақтарды абаттандыруға қатысуын міндеттеу;
2. Қолда бар орман алқаптарын қорғау және жерді пайдалану тиімділігін арттыру үшін орман қоры жерлерінің пайдаланылмайтын жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге беру мүмкіндігін қарастыру;
3. Уәкілетті органға елдің аумағында жердің басқа санаттарындағы жерлерде орналасқан табиғи және жасанды түрде отырғызылған екпелер өсетін маңызды учаскелерді анықтау тұрғысынан мониторинг жүргізуді, оларды кейіннен мемлекеттік орман қорының құрамына енгізуді тапсыру.