Мәжілісте жұмыспен қамту мәселелерін реттейтін құжат таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуын формализациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың сөзіне қарағанда, өзгерістер мен толықтырулар 3 кодекске, яғни Салық, Кәсіпкерлік, Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ 6 заңға енгізіледі.
Осы мақсаттарға қол жектізу үшін заң жобасының аясында бірқатар қадамдар ұсынылады. Біріншіден, бірыңғай жиынтық төлемді енгізу арқылы бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру бойынша жүйелі шаралар ескерілген. Екіншіден, «жұмыспен қамтылған адам» және «тәуелсіз жұмыскер» сөздерінің, сондай-ақ жұмыспен қамтылған халыққа жататын санаттардың бірыңғай анықтамасы қарастырылады. Үшіншіден, әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарда төлеушілер санаттарын бірдей қолдану ұсынылады.
Министерліктің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылғы екінші тоқсандағы қорытынды бойынша жұмыспен қамтылған халықтың саны 8,6 млн адамды құрады, оның ішінде 6,5 млн жалдамалы жұмыскер және 2 063 өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам бар. Республика экономикасында жалпы жұмыспен қамтылғандардың 16 пайызы бейресми жұмыспен қамтылғандар, оның ішінде 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскер еңбек шартынсыз жұмыс істейді, сондай-ақ 588 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
«Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру үшін салық органдарында тіркелудің жеңіл түрін көздейтін Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу жоспарланып отыр. Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін тіркеумен қатар, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамсыздандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері бекітіледі, яғни әртүрлі әлеуметтік қорларға жарналарды өз бетінше есептеу қажет болмайды», - деді вице-министр.