Мәжілістегі Әлеуметтік кеңесте оралмандар мәселесі талқыланды

ТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Нұр Отан» ХДП Фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Мәжілістегі Әлеуметтік кеңесте оралмандар мәселесі талқыланды

Парламентаризм институымен және БҰҰ Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе өткізілген жиын барысында «Мемлекеттің оралмандарға қызмет түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік саясаты» атты тақырып талқыланды.

«Мемлекет басшысы өзінің оралмандармен кездесуі барысында қандастарымыздың тарихи отанына қарай қадам жасаған ұлы көшіне биыл 20 жыл толып отырғанын атап өткен еді. Расында осы жылдар ішінде Қазақстанға 300 мыңнан астам отбасы көшіп келіп, ел халқының саны 1 млн. шамасына артты. Осы жылдар ішінде этникалық қазақтардың тарихи отанына көшіп келуіне, олардың Қазақстан жағдайына бейімделуіне айрықша назар аударылып келеді. Бұл ретте Президент жарлығымен 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Заңнамалық базалар да біршама жетілді. Алайда осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыра беруіміз қажет», - деді жиынды ашып сөз сөйлеген Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова. Сонымен қатар, оралмандардың өмір сапасын жақсарту мақсатында 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданғанын айтқан А. Самақова, қазіргі таңда аталмыш бағдарламаның екінші кезеңін әзірлеу де жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жиын барысында оралмандарды жаңа жағдайға бейімдеу үдерістеріндегі проблемалар талқыланды. Атап айтқанда, оралмандардың мемлектеттік және орыс тілдерін үйренуі әлі де жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатқандығы, тұрғын үй құрылысы мен шаруашылық қызмет мақсатындағы жер учаскелерін бөлудегі проблемалар жайында сөз болды. Еңбекке қабілетті оралмандардың жұмысқа орналасуындағы проблемалар көтеріліп, ипотекалық несие алудағы кедергілер әңгімеге арқау болды.

Кеңес отырысында ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Патрис Нокин, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Серік Ахметов баяндама жасады. Жиын қорытындысына сәйкес, қатысушылар мемлекеттік органдарға бағытталған бірқатар ұсынымдар әзірлеп, қабылдады.