Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы сессияның жұмыс жоспарын бекітті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының отырысында депутаттық топтың бірінші сессиядағы жұмыс жоспары бекітілді.
ҚХА депутаттық тобының хатшысы Наталья Жұмаділдаеваның сөзіне қарағанда, жоспар негізінен бес бағыттан тұрады. «Атап айтқанда, алдағы жоспарда дөңгелек үстелдерде Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында көтерілген проблемалар мен Елбасы айқындаған тапсырмаларға баса назар аударылатын болады. Бұдан бөлек, бес институттық реформа бойынша құрылған жұмыс топтарының нәтижелері, қорытындылары талқыланбақ. Ал депутаттық топтың заңнамалық қызметі бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы және өңірлік ассамблеялармен, аймақтардағы достық үйлерімен және этно-мәдени бірлестіктермен тығыз байланыста боламыз. Бұдан басқа, этникааралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін ұсыну бағытында халықаралық қызметті ілгерілету жоспарланады», - деді Наталья Жұмаділдаева.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттар 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларына бөлінді. Олар облыстық ассамблеяларымен тұрақты байланыс орнатып, өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударып отыратын болады.